KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
523.17 550.06 4.93

Өскемендегі өнер музейінде «Портал» көрмесі ашылды

15.02.2023, 15:22 317 Оразай Жеңісұлы

Облыс орталығындағы өнер музейінде қылқалам шебері Василий  Бильковтың 70 жылдық мерейтойына орай «Портал» атты жеке көрме ашылды.

Көрмеге автордың 43 еңбегі қойылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Ғаламтордың өмірімізге терең енуімен бірге «портал» деген сөз де құлағымызға әбден сіңісті болып кетті. Қандай да бір ақпарат іздесек, порталға жүгінеміз. Ал Василий Витальевичтің бұл жеке көрмесін «Портал» деп атауы әсте тегін емес.

– Біздің өмірімізде өте көп портал бар.  Біз оны не көрмейміз, не мүлдем байқамаймыз. Бәлкім, байқағымыз да келмейді. Мен бұл көрмеде осы идеяны адамдарға жеткізуге тырыстым, – дейді суретшінің өзі.   

Мысалы, суретшінің  «Әлемге портал» картинасында аяғы ауыр әйел бейнеленіпті. Әрине, әлі дүниеге келмеген  құрсақтағы сәби үшін анасы  әлемге порталдың есігін айқара ашары сөзсіз. Ал  ересектер  бұл картинаны  басқаша қабылдауы әбден мүмкін.

– Мен көрмеге қойылған әр шығармам туралы келушілерге айтып беруге тырысамын.  Ал көрмені тамашалауға келген адам өзі де ойлануға тиіс.  Картинаны қалай қабылдайтыны оның біліміне, логикасына, қиялы мен  ойының ұшқырлығына  байланысты. Ең бастысы, қылқалам шеберінің ойын түсінуге деген ниет, ынта керек, – дейді суретші.  

Шынында да музейдің кіші залында орналасқан 43 картина – 43 портал. «Қысқы портал», «Күзгі портал», «Жаңа энергия порталы», «Романтикалық портал. Желкен», «Жұмақ порталы», «Түс порталы», «Көктем порталы», «Білім порталы»...  Әр картинаның астары терең. Оларды жай ғана жалаң сезіммен тамашалау аздық етеді, суретшінің өзі айтқандай, ойға тамызық болар терең білім, логика, ұшқыр қиял мен интеллект керек.  Суретшінің «Портал» деп ат қойып, айдар таққан бұл көрмесі  бүгінді өткенмен, ал қазіргі мәдениетті оның алдындағы дәстүрлермен байланыстырады. Бұл көрменің әрбір экспозициясы ең жоғары дизайн деңгейінде безендірілген нақты шифограмма немесе ребус іспеттес. Мұнда түс пен сызық қазіргі космогония ұғымдарының мағыналарын ашып, қазіргі экологияның мәселелерін суреттейді, Түркі және Батыс Еуропа мифологиясының сюжеттерін жандандырады. 

Василий Бильков 1953 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Өскемен құрылыс-жол институтының сәулет факультетін тәмамдаған соң, Мәскеудегі Орталық тұрғын үй институтының аспирантурасын бітіріпті.

 Суретші Шығыс Қазақстан Өнер музейімен тығыз шығармашылық байланыста. Өзінің айтуынша, бұл осы музейде  ұйымдастырылып отырған алтыншы жеке көрмесі.

Көрмеге жиналған жұртшылық сондай-ақ суретшінің «Найман ана туралы аңыз» атты сериялы порталына ерекше қызығушылық танытты.  Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты романындағы Найман ана туралы аңыздың желісімен салынған бұл портал «Бейіт», «Қаранар», «Жады», «Мәңгүрт», «Батыр», «Ана туралы аңыз», «Дала», «Батырлар» атты картиналардың басын біріктіреді.  Шындап келгенде бұл – тарих  порталы.

–        Суретшінің әр картинасында мән болу керек. Айтар ойың жоқ болса, қолыңа қылқалам ұстамай-ақ қойғаның жөн, – дейді суретшінің өзі.

 Осынау көрмеге қойылған туындылардың барлығын дерлік  суретші небары бір жылдың ішінде салыпты. Бұл дегеніңіз үлкен еңбек екені сөзсіз. 

– Шабыт деген алдамшы, айлакер нәрсе. Шындығында шабыт деген жоқ. Шабытты күтіп отырсаң, ол ешқашан келмейді. Сондықтан да отырып, жұмыс істеу керек, – дейді Василий Бильков.

«Портал» көрмесін 8 наурызға дейін тамашалауға болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу