ШҚО-да «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелу басталды
Ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелу ашылды.
Осы жылы олимпиадаға қатысу үшін өтінімдер 1-30 наурыз аралығында қабылданады. Оған 1000bala.elumiti.kz сайтында т3ркелуге болады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аталмыш олимпиадаға соңғы екі оқу жыл ішінде ауыл мектептерінде білім алып жатқан 6-сынып оқушылары қатыса алады. Мың бала» олимпиадасының мақсаты - ауылдық жерлерде оқитын ең қабілетті 1000 оқушыны анықтап, оларға дарынды балаларға арналған жетекші мектептерде: Республикалық физика-математика мектептерінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде білім алуға мүмкіндік беру.
ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбектің айтуынша, олимпиаданың бес мың финалисті Birge oqý онлайн-мектебінде тегін оқи алады.
«Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең 2023 жылы сәуір айының 3-ші мен 7-сі аралығында өтеді. Бұл кезең логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалауға арналған тапсырмалардан тұрады. Тестілеу онлайн-форматта өткізіледі. Облыстар бойынша ең жоғары қорытынды балл алған бес мың оқушы олимпиаданың ІІ кезеңіне өтеді.
Екінші кезең сәуір айының 26 мен 28 аралығында өңірлік тестілеу орталықтарында күндізгі форматта өтетін болады. Қатысушылар математикалық сауаттылық, қазақ тілі (қазақ тілінде оқитын оқушылар үшін), орыс тілі (орыс тілінде оқитын оқушылар үшін), ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша білімдерін бағалауға бағытталған компьютерлік тестілеуден өтуі қажет.
Айта кетсек, үш жыл ішінде олимпиадаға ШҚО бойынша ауылдық жерлердегі мектептердің 21 291 оқушысы қатысып, 541 оқушы финалист болып, оның 89-ы жеңімпаз атанды, 34 жеңімпаз облыстық мамандандырылған және республикалық мектептерге оқуға түсті.
«Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізіледі.