Катонқарағайда үш мектеп NIS стандарты бойынша жабдықталған
Шартты сурет
Катонқарағай ауданында 3 мектеп "Ауыл мектебі powered by NIS " жобасы аясында жаңаша жабықталған.
Сондай-ақ көптілді білім беруді дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру бойынша да пән мұғалімдерінің кәсіби деңгейін арттыру бойынша да бірқатар жұмыс жүргізілген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Катонқарағай ауданындағы "Ауыл мектебі powered by NIS " жобасы аясында Үлкен Нарын, Өрел мектептері мен С.Ластаев атындағы орта мектепте физика, химия, биология, математика, логика, робототехника, инженерия, көркем еңбек кабинеттері жабдықталып, музыкалық аспаптар сатып алынған.
– Аудан бойынша 13 мұғалім біліктілігін арттырып, 6 мұғалім С.Аманжолов атындағы ШҚУ базасында орыс сыныптарында қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша алты айлық курстан өтті. Осы кезеңде оқыту әдістемесін меңгеру көрсеткіші 20%-дан 70%-ға дейін, білім сапасы 50%-дан 73,6%-ға дейін өсті, – деп атап өтті Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан.
Сонымен қатар "Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы" қорының есебінен шалғайдағы ауылдық мектептерді дамытуға 227 млн теңге қаржы бөлінген. Ағымдағы жылы Жамбыл орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жургізу жоспарланған.
– Барлық білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды инклюзивті оқыту үшін барлық жағдай жасалған. Аудан мектептерінде жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасын құру мақсатында барлық ғимараттардың кіреберісінде бейнебақылау жүйелері орнатылды, – дейді аудан әкімі.