Қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды
Қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды, ол 10 ақпанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
ҰБТ-ға қатысуға 136 мың адам өтініш берді. Олардың 76,3%-ы қазақ тілінде, 23,6%-ы орыс тілінде, 126 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараты бойынша, талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдады. Соңғы бірнеше жылда алғаш рет талапкерлер ең көп таңдайтын бейіндік пәндер комбинациясы өзгерді. Талапкерлердің 18%-ы «Биология-Химия», 17%-ы «Математика-Физика», 12%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұрады.
Атап өтсек, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. Осылайша, ҰБТ-дағы тапсырмалар саны жалпы 120 сұрақ болып өзгеріссіз қалады. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл бұрынғыдай 140.
Тестілеу уақыты – 4 сағат. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут беріледі.
Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға жазғы тестілеу нәтижесі бойынша шекті балл жинамаған және жоғары оқу орнына күндізгі оқу нысаны бойынша ақылы негізде шартты түрде қабылданғандар, шығармашылық білім беру бағдарламасынан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
Айжанат Бақытқызы