Медицина: ШҚО-да балаларға ерекше пластикалық оталар жасала бастады
Шығыс Қазақстанда медицина саласында жоғары технологиялармен қызмет көрсетіле бастады. Мәселен, 2022 жылдың 5 айында облыста 680 миллион теңгеге 170-тен астам жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген.
Жалпы алғанда, 550-ден астам жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету жоспарлануда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айнаш Қапанова айтты.
Бірнеше жылдан бері облыста дәрігерлердің шетелде біліктілігін арттыру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Мәселен, қазіргі уақытта 19 дәрігер кейін аймақтағы емханаларда жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мақсатында Израильде білім алуда.
– Шығыс Қазақстан дәрігерлері ми ісігін трансназальды әдіспен, яғни ешбір тілімсіз жүзеге асырады. Бұл науқастың оңалтуына және қалыпты өмір салтына тезірек оралуына мүмкіндік береді. Аз инвазивті әдіспен дәрігерлер кардиостимуляторды, синус түйінінің әлсіз синдромынан зардап шегетін науқастарға кардиовертер-дефибрилляторды имплантациялайды. Сонымен қатар, балалар урологиясынан да мысал келтіре аламын: Ана мен бала орталығының уролог-андрологтары ауыз қуысының шырышты қабаты материалының бір бөлігін пайдалана отырып, несепағардың жетіспейтін бөлігіне балаларға пластикалық оталар жасайды. Кейін бұл балалар дұрыс зәр шығарып, толыққанды өмір сүре алады. Онкологиядағы хирургиялық көмек те жақсы мысал бола алады. Қалқанша безінің аз инвазивті хирургиясы саласында жоғары технологиялық әдіс — эндоскопиялық тиреоэктомия енгізілді, деп қосты спикер.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихаты барысында жыл соңына дейін тиісті медициналық құрал-жабдықтар сатып алынғаннан кейін жоғары технологиялық медициналық көмектің тағы 14 түрін енгізу жоспарланып отырғаны айтылды.
Биылдың өзінде облыстағы емдеу мекемелеріне 838,8 млн теңгеге 6 дана құрал-жабдық алынады.
– Қолданыстағы денсаулық сақтау нысандарының инфрақұрылымын жақсартуға да көп көңіл бөлінуде. Күрделі жөндеу жұмыстары 36 денсаулық сақтау нысанын қамтиды, оның ішінде 24-інде жұмыс жүргізілуде, 12-сі конкурстық процедуралардан өтіп жатыр.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы екі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр: Күршім ауданындағы Қалжыр ауылында дәрігерлік амбулаторияны және Үржар ауданы, Қаратұма ауылындағы дәрігерлік амбулаториясы қайта жаңғырту. Риддер қаласында көпсалалы аурухана кешенінің жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары, Өскеменде гематологиялық орталықтың құрылысы жүргізілуде, – деді Айнаш Қапанова.
Айта кетейік, бұл жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялаған. Айнаш Қапанованың айтуынша, облыста жас емделушілерге көрсетілетін медициналық қызметтің деңгейі мен сапасын арттыру мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылуда.
– 2022 жылдың қаңтарында Семей перинаталдық орталығының базасында бірегей бөлімшелер ашылды. Бұл - балаларды оңалту және ерте араласу орталығы. Жыл басынан бері 340 бала оңалту курсынан өтті, оның 59-ы тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда, 281-і күндізгі стационарда емделді, – деп қосты Денсаулық сақтау басқармасының өкілі.
Бұл ретте балаларға мамандандырылған көмек көрсету үшін 58 маман біліктілігін арттыру курстарынан өтті.