«Дені сау ұлт»: ШҚО-да оң динамика байқалады
Қазақстанда Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы қабылданғаны белгілі. ШҚО-да жоба бойынша қандай жұмыстар атқарылуда және нәтижелері қандай?
ШҚО-да «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының көрсеткіштерінде де оң динамика байқалады. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мысалы, өткен жылдың 12 айында жүкті әйелдердің 84,8 пайызы жеке және пәнаралық босанғанға дейінгі бақылаумен қамтылған екен. Бұған жүктіліктің 12 аптасына дейінгі әйелдерді есепке алу, оларды терапевтің тексеруі, жүктіліктің бірінші триместрінде перенаталды скринингтен өту кіреді.
Босандыру ұйымдарын неғұрлым жоғары деңгейге көтеру бойынша жұмыс әлі де жалғасын табуда. Катонқарағай аудандық ауруханасы мен Зайсан қаласының аудандық ауруханасы босандырудың екінші деңгейіне ауыстырылды. Биыл Ақжар және Күршім ауылдарындағы аудандық ауруханаларды екінші деңгейге ауыстыру жоспарланып отыр.