ШҚО-да 66 бала онкологиялық ауруға шалдыққан
Фото: profile.ru
Қазір Қазақстанда ғана емес, жалпы әлем елдерінде онкологиялық аурумен күрес жүріп жатыр. Ақ халаттылар күн-түндемей ем-шараларын жасап жатса да, аталмыш аурудың түрі де, оған шалдыққан науқастар саны да күн санап артуда.
Қазіргі күні облыс бойынша 13 878 науқас онкологиялық есепте тұр. Жаhaнды жайлап алған онкологиялық ауру балаларды да айналып өтпепті. Себебі оның ішінде 66-сы – балалар, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде ШҚО онкология және хирургия көпсаласы орталығының директоры Гүлмира Сағидуллина айтып берді.
2022 жылғы көрсеткіш бойынша облыста 2018 жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 11,7%-ға өскені байқалады.
Ал, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 600-ге жуық баладан қатерлі ісік анықталатын көрнеді.
Бүгінгі күні Үкімет тарапынан да күрделі дертпен күреске қосымша шаралар қабылданып жатыр. Жақында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарға қол қойған болатын.