ШҚО-дағы «ерекше» балалар Алтай ауданында оңалтудан өтіп жатыр
Алтай ауданының Грехово кентіндегі мамандандырылған оңалту орталығында өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған жиырма екі «ерекше» бала ем-шара қабылдап жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұған дейін оңалту орталығының мамандары тірек-қимыл аппараты бұзылған ересектерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсеткен еді. Мәселен массаж, жаттығу терапиясы, бальнеологиялық процедуралар, физиотерапия, вакумед, еңбек терапиясы, музыкалық терапия. Енді мұндағы мамандар ерекше қажеттілігі бар балаларды сауықтыруға күш салып жатыр.
Осыдан біраз уақыт бұрын облыс әкімі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұжымымен кездескен кезде ерекше балаларды мамандандырылған орталықтарда оңалту мүмкіндігін қарастыруды тапсырған еді. Өңір басшысы бастамашы болған жоба бесінші ақпанда пилоттық режимде іске қосылып, Грехово кентіндегі мамандандырылған мекемеге 22 бала ата-анасымен бірге барды.
Ерекше балалар тәжірибелі мамандардың қарауында. Мұнда медициналық ем-шарамен қатар әртүрлі шығармашылық бағыттағы іс-шаралар өткізіледі.
Ем-шара алу үшін баласын ертіп облыс орталығынан аудандағы оңалту орталығына барғандардың бірі – Алеся Дубровина. Ол екі баласымен келіп отыр.