ШҚО-да медициналық мекемелердің цифрлық көшірмесі жасалуы мүмкін
ШҚО-да медициналық мекемелердің цифрлық көшірмесі жасалуы мүмкін.
Бүгін облыс әкімі Ермек Көшербаев Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалының жұмысымен танысты. Жиын барысында медицина саласындағы бірқатар мәселелер көтеріліп, шешу жолдары талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
- Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасына медициналық мекемелердің цифрлық көшірмесін жасау туралы тапсырма беремін. Ол жұмыс істеуге ыңғайлы болуға тиіс. Цифрлық көшірмеде емханадағы орындар саны, маман жетіспеушілігі мен өзге де ақпарат көрсетілетін болады, - деп атап өтті ШҚО әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы облыстағы тозығы жеткен медициналық мекемелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу және жаңа нысандардың құрлысы туралы да тілге тиек етті.
- Самардағы аудандық ауруханаға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда ғимаратта лифт қарастырылмапты. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған, алдағы уақытта лифт орнатылатын болады. Тавриядағы тозығы жеткен аудандық аурухананы жөндеу үшін де ЖСК дайындалды. Ал Риддердегі аурухана кешенінің құрылысы әлі аяқталған жоқ. Сондықтан ескі ғимаратта тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуы керек, - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Жаңа Қанай ауылында биыл жаңа медициналық мекеменің құрылысы басталмақ.
Оқи отырыңыз