KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 3 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Жаңа Қанай ауылындағы денсаулық орталығы жаңа ғимаратқа көшуі мүмкін



11.08.2023, 15:56 676 0 Оразай Жеңісұлы

Жаңа Қанай ауылындағы Шығыс Қазақстан психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері ұзақ жылдар бойы ескі және жабдықталмаған ғимаратта қызмет етіп, науқастар сонда ем алып келді. 

Аталған медициналық мекемеге барған облыс әкімі Ермек Көшербаев қалыптасқан жағдаймен танысып, жаңа ғимаратқа көшіретінін жеткізді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың ардагерлермен кездесуінде ардагерлер Ұлан ауданының Жаңа Қанай ауылындағы психикалық денсаулық орталығының жағдайына назар аударуды сұрады. Сол кезде облыс әкімі ақсақалдарға медициналық мекемеге арнайы барып, жағдаймен танысуға уәде берген. Ұлан ауданына жұмыс сапары кезінде Ермек Көшербаев сол жерде болып, мекеме қызметкерлерімен сөйлесті. Орталық 60 адамға арналған, қазір 50-ге жуық науқас емделіп жатыр. Олармен білікті қызметкерлер жұмыс істейді. Алайда ғимараттың тозығы жеткен.

– Аталмыш мәселені біржақты етуіміз керек. Ауруханада жатқан адамдарға барлық қажетті жағдай жасалуы қажет. Ол үшін, ең алдымен, медициналық мекемені жаңа ғимаратқа көшіруіміз шарт. Онсыз болмайды. Ал мына ескі ғимаратты бұзу керек. Болашақта жаңа ғимаратқа Бозанбай ауылындағы ауруханада емделіп жатқан науқастарды да көшіруге болады, – деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.

Өңір басшысы құзырлы мекемелерге осы мәселеге қатысты бірқатар тапсырма беріп, жаңа ғимаратқа көшіру жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу

Пікірлер (0)