ШҚО-да ішек инфекциясынан ауырғандар көбейді. Мамандар не дейді?
Жыл басынан бері ШҚО-да жіті ішек инфекцияларының 451 жағдайы тіркелген, бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 32,89%-ды құрап отыр.
Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ішек инфекцияларымен сырқаттанушылық деңгейінің 109 жағдайға өскені байқалады. Аурушаңдық эпидемиологиялық жағынан бір-бірімен байланысты емес оқшауланған жағдайлар түрінде тіркелген.
- Эпидемиологиялық тергеу нәтижелері бойынша ауру жағдайлары негізінен үй жағдайында дайындау технологиясын, сақтау шарттары мен мерзімдерін бұза отырып дайындалған тамақ өнімдерін пайдаланудан туындағаны анықталды. Жіті ішек инфекциялары ауруларының алдын алу үшін бірінші кезекте жеке бастың гигиена ережелерін сақтау қажет, әсіресе ыстық жаз-күз айларында, - дейді Шығыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары.
Сонымен қатар мамандар құдықтан, бөгеттен, өзендер мен басқа да су қоймаларынан қайнамаған суды ішуге болмайтынын айтады. Десе де, ашық және лас ыдыста сақталған қайнаған судың өзі де зақымдану көзі болуы мүмкін.
- Жеміс-жидектер мен көкөністерді суық су ағынында немесе ыстық сумен мұқият жуу керек. Әсіресе, жылулық өңдеуден өтпейтін (нан, көкөністер, жемістер және т.б.) тағамдарға пайдаланылатын азық-түліктің тазалығын қадағалау өте маңызды. Барлық тез бұзылатын азық-түліктерді, дайын тағамдарды тоңазытқышта сақтау керек. Қарапайым гигиена ережелерін сақтай отырып, жіті ішек инфекцияларымен зақымданудан және аурудан сақтануға болады, - дейді мамандар.