Тағы бір әлеуметтік дүкен ашылды – Күршім
Күршім ауылында тұрақтандыру қорының азық-түлік өнімдерін саудалайтын дүңгіршек ашылды.
15-20 пайыз үстеме бағамен сатылатын азық-түлік пен жеміс-жидек бағасы басқа дүкендерден әлде қайда арзан. Сол себепті дүкен алдында кезек пайда болған.
Әзірге мұнда тұрақтандыру қорының екі түрлі өнімі ғана бар. Олар - сұйық май мен қарақұмық. Оған қосымша арзан бағада жеміс-жидектер де саудаланады.
- Әлеуметтік тауарлардан май мен қарақұмық қана. Қантты саудалауға біздің ауданға бермей қойды. Тағы жұмыртқа, күріш, макарон өнімдері де болуы керек. Бірақ «Ертіс» ӘКҚ АҚ-ның кейбір қоймалармен келісімшарты аяқталып қойыпты. Енді күзді тосамыз. Дегенме жеміс-жидек, көкеністер де әлеуметтік бағада болады, - дейді кәсіпкер Балжан Бақытбекқызы.
Расында, басқа дүкендерде картоп 340-350 теңге болса, бұл жерде 240 теңгеден саудаланып жатыр. Қырыққабат 190 тг, чеснок 800тг, алма 550тг, банан 710тг, қияр 230 теңгеден сатылуда. Басқа дүкендерде қияр бағасы 400 теңгенің айналасында. Осыдан-ақ, аудан дүкендеріндегі бағадағы алшақтық бірден байқалады.
Айта кетейік, сондай-ақ, ауылда тұрақтандыру қорының арзан бағадағы қарақұмық, сұйық май өнімдерін кәсіпкер Р. Құдабаева да «Дильназ» дүкенінде де саудалауда.