Сот шешімі: «АЗИЯ АВТО» мемлекетке 173, 9 млрд теңгені қайтарады
«АЗИЯ АВТО» кәсіпорны мемлекет қазынасына 173, 9 миллиард теңге өтейтін болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің талабы бойынша «АЗИЯ АВТО» АҚ-дан мемлекет кірісіне 173,9 миллиард теңге өндіріп алу туралы шешім қабылдады.
Бұл бірінші сатыдағы сот болғандықтан, шешім әлі күшіне енген жоқ. Егер сот шешіміне наразылық болмаса, кәсіпорын 5,2 миллиард теңге мөлшеріндегі мемлекеттік бажды да төлейді.
Енді айыпталушы акционерлік қоғамның сот шешімін апелляциялық сатыда жоюға мүмкіндігі бар (егер апелляция сот шешімін қолдаса, заңды күшіне енді).
Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорын істі қарауды Шығыс Қазақстан сотына ауыстыруға тырысты. Алайда желтоқсан айында астаналық экономикалық сот азаматтық істі облысқа жіберуден бас тартты. Сот Нұр-сұлтан қаласында орындалуы тиіс келісімнің бұзылуына байланысты қозғалған іс болғандықтан елордада қаралуы керек деп есептеді.