ШҚО әкімінің кубогына арналған Жайдарман фестивалі өтті
Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кубогына арналған XІІІ республикалық «Ertis Nomad» лигасының жартылай финалдық «Jaidarman» ойыны өтті.
Фестивальға еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда, Астана, Қарағанды, Теміртау, Павлодар, Семей қалаларынан 11 команда жиналды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Республикалық Ertis NOMAD лигасы – көшпелі турнир. Алғашқы ойындар Екібастұз және Павлодар қалаларында өткізілсе, былтыр Ұлан ауданында, ал биыл жартылай финал Өскемен қаласында өткізілуде.
Жалпы командалар екі топқа бөлінген. Әр топтан жоғары ұпай алған командалар Семей қаласында өтетін финалда бақ сынайтын болады. Айта кетсек, ойынның жүлде қоры – 400 000 теңге.
Ойын қорытындысы бойынша ШҚО әкімінің кубогын Семей медицина университетінің «Қыздарский» командасы еншіледі. 2-ші орын Астана қаласынан келген «101 түн» командасына бұйырса, Павлодар қаласының «Сапашев» командасы 3-ші орынды қанжығасына байлады. «Үздік ойыншы» номинациясы Риддер құрамасының ойыншысы Дастан Оралғазинға табысталды.