ШҚО-да суға кетіп қалған зейнеткерді іздестіру жұмыстары жалғасуда
ШҚО ТЖД қызметкерлері екінші күн қатарынан Бұқтырма су қоймасында жазатайым оқиға салдарынан суға батып кеткен әйелді іздестіріп жатыр.
Осы уақытқа дейін 6 су астына түсу жұмыстары жүзеге асырылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, 6 желтоқсан күні "Қызыл Ту" өткелі ауданында мұз жарылып, бір адам мерт болған. Жеңіл көлік паромды күтпей, мұздың үстін кесіп өтпек болған. Алайда жағадан 800 метр қашықтықта мұз жарылып, көліктегі 4 адам өз бетінше шығып үлгеріпті. Ал 1950 жылғы әйел адам суға батып кетті.
Іздеу жұмыстары жүргізілетін жердің тереңдігі шамамен 20 метрді құрайды. Барлығы жеке құрамның 23 адамы және 7 бірлік техника жұмылдырылған.