KZ
Өскемен
-5°
небольшой снег жел 1 м/с, С
523.54 546.47 4.99

Өскемендік қыздардың не үшін жанжалдасқаны белгілі болды

11.04.2023, 17:44 1 118 Ләззат Қанатқызы

Өскеменде төбелескен қыздардың мұндай жаға ұстатарлық әрекетке не үшін барғаны белгілі болды.

Жасөспірім қыздардың арасында жанжал жігіт үшін туындаған көрінеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

– Оқиға қарапайым себептерден басталған. Жанжал 3 бірдей қызға қатар жазған жігіттің кесірінен болған, – дейді Инесса Чернышева.

Осы уақытқа дейін облыстық прокуратураның деректеріне сәйкес, оқиғаға қатысы бар 8 адам анықталған. Алайда ШҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Шамиль Джинлосанов қазіргі уақытта зардап шегушіні қосқанда 7 адамның анықталғанын атап өтті.

– Тергеу амалдары аяқталғанға дейін оқиғаға қатысы бар адам саны әлі де өзгеруі мүмкін. Сондықтан нақты санын айта алмаймыз. Қазіргі мәлімет бойынша, зардап шеккен қызды қосқанда 7 адам анықталып отыр. Оның ішінде екеуі – мектеп оқушысы, ал қалғаны – колледж студенттері, – деді ШҚО ПД ЖПҚБ ювеналды полицияның ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айгерім Бейсенбаева.

Ал әлеуметтік желіде тараған ақпарат бойынша қыздардың қоқан-лоқы көрсетіп, ақша талап ету фактілері анықталмаған.

Өзінің құрдастарынан соққы жеген қыз қазір білім алуын жалғастырып жатыр, ал төбелескіш қыздардың кейбірі қашықтан оқыту форматына ауыстырылған.

– Зардап шеккен қызға да қашықтан оқыту туралы ұсыныс айтылды. Алайда ол бас тартты. Қазір онымен психолог жұмыс істеп жатыр. Топ жетекшісі ата-анасымен байланысқа шығып, оқу орнына барып-келуін қамтамасыз етіп отыр. Ал әу баста қыздың беті көгеріп жүргенін колледж директоры байқаған. Ол бірден қыздың отбасына хабар беріп, мән-жайды анықтамақ болыпты. Содан кейін ғана олар полицияға жүгінген, – дейді ШҚО білім басқармасының басшысы.

Осы орайда айта кету керек, оқиға 1 наурыз күні орын алып, 4 наурыз күні тергеу жұмыстары басталып кеткен екен.  Ал арада 1 ай уақыт өткеннен кейін бейнежазбаны кімнің таратқаны әлі де белгісіз қалып отыр.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігі (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жалғасуда. Аталған бапта үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

– Күдікті деп танылғандардың жасы 16-да, яғни қылмыстық жауапкершілікке ата-аналары емес, өздері тартылады, – деді Шамиль Джинлосанов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу