ШҚО спортшылары Азия чемпионатынан 26 жүлде алып қайтты
Жерлестеріміз қол күресінен Ыстықкөл жағалауында өткен Азия чемпионатынан қоржынды жүлдеге толтырып қайтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жастар, ересектер мен паралимпиадашылар арасында өткен бұл чемпионатқа Сары құрлықтың 14 елінен келген 900-ге жуық спортшы қатысқанын айтқан жөн. Аталмыш додада ел намысын 17 шығысқазақстандық саңлақ қорғап, оның түгелдей дерлігі жүлдегер атанды. Жерлестеріміз ел қоржынына барлығы 18 алтын, бес күміс және үш қола медаль салды. Жалпы алып қарасақ, құрлықтық додада қазақстандық қол күресшілер 47 алтын, 45 күміс және 29 қола жүлдеге қол жеткізді.
Жерлестеріміздің арасында әсіресе екі дүркін Азия чемпионы атағына ие болған Владимир Уфимцев, Данияр Ауданбек, Виктория Лячина, Данияр Тайменов, Руслан Байгукшинов, Зуһра Құрбанова мен ерлі-зайыпты Нина мен Дмитрий Пономарёвтардың жетістігін атап өткен орынды.
Ал Владислав Губушкин мен Илья Валуйских қанжығаларына бір алтын және бір күміс медаль байласа, қос күміске Еламан Нұртазанов пен Александра Ельчанинова ие болды. Тағы үш жүлдені Қуандық Бейсембаев, Медет Алдабергенов пен Әлимұқан Танекенов жеңіп алды. Осы ретте сегіз спортшымыз халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативтерін орындағанын айтқан абзал.