ШҚО құрамасы 12 жүлде жеңіп алды - армреслинг
Шығысқазақстандық қол күресі шеберлері ел чемпионатында тоғыз алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, облыс құрамасын жалпыкомандалық екінші орынға көтерді.
Еске салайық, қол күресінен тірек-қимыл аппараты мен көру мүшесі зақымданған спортшылар арасындағы республикалық біріншілік Алматы облысының Талғар қаласында өткен болатын. Бұл сынға Шығыс Қазақстаннан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған облыстық спорт клубының 20 мүшесі қатысқан-ды.
Білікті бапкер Сергей Соколовтың айтуынша, елішілік додада бақ сынайтын спортшылар саны жыл өткен сайын артуда. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын облыстан әрі кетсе он шақты спортшы шығатын.
Ал бұл жолғы жарыста жерлестеріміз пара-армрестлингтің барлық түрінен сынға түсті. Жай ғана сынға түспей, жүлдеге таласты. Чемпионат қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстан құрамасы алдына жарыс иелері Алматы облысының спортшыларын ғана жіберіп, екінші орынға ие болды. Биылғы жарыста Алматы облысынан 60-тан астам атлет қатысқанын айтқан жөн.
Ал енді жүлдегер атанған спортшыларға кезек берсек, Талғардағы додада әдеттегідей кез келген бәсекенің фавориті саналатын Данияр Тайменов (Семей), Владимир Уфимцев (Глубокое ауданы), Зарина Примак (Жарма ауданы), Руслан Байкөкшинов (Ұлан ауданы), Зухра Курбанова (Семей), сондай-ақ ерлі-зайыпты Дмитрий мен Нина Понамаревтер (Курчатов) топ жарды. Сол сияқты, Мәсәлім Шамысхан да керемет өнер көрсетіп, алғаш рет ел чемпионы атағына қол жеткізді.