KZ
Өскемен
пасмурно жел 3 м/с, СБ
487.42 531.39 5.04

Руслан Курбанов: – Әрбір спортшы еліне медаль әкелгісі келеді

фото: ©instagram.com/drs_kz/

16.08.2024, 15:01 1 532 Нұржан Кенжеұлы

Парижде өткен Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінбесе де, жүлдеге қол созым жерден тоқтауға мәжбүр болған спортшыларымыз аз емес. Соның бірі – жерлесіміз Руслан Курбанов.

Франция астанасында шығысқазақстандық шпагамен семсерлесу өнерінің шебері Курбанов жекелей сында да, командалық сайыста да алтыншы орыннан көрінді. Бұл – әзірге отандық семсерлесу тарихындағы ең үздік нәтиже. Жекелей сында Курбанов ширек финалға дейін іркілмей жетіп, болашақ Олимпиада чемпионы, жапониялық Коки Каноға ғана есе жіберген болатын. Бір атап өтерлігі, жарыстың 1/8 финалында өскемендік спортшы Токио Олимпиадасының чемпионы Ромен Каннонды (Франция) жеңіп, сенсация авторы атанған-ды. Ал командалық сайыста құрамында шығысқазақстандық Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимов сынды спортшылары бар Қазақстан құрамасы шешуші кездесуде Италия құрамасына жол беріп, алтыншы орынды қанағат тұтты. 

– Жалпы алғанда, алтыншы орын жаман емес. Бірақ алтыншы орынға медаль да бермейді. Әрбір спортшы еліне медаль әкелгісі келеді ғой. Сондықтан, бәрінің де көңіл-күйі жабырқаулы, өйткені, эмоция деген көп мұнда. Енді не істейміз? Қазір ең бастысы демалыс, жарақаттарды емдеу керек. Мені арқам мен тіземдегі сырқат мазалайды. Емделіп, қалыпқа келіп үлгере алмай жатырмыз. Себебі, Олимпиадаға іріктеу өте қатал болды. Үйге келіп екі апта жаттығамыз да, қайтадан дайындыққа, жарысқа кетеміз. Сондықтан, бірінші кезекте жарақаттарды емдеу керек. Денсаулығымды реттесем деймін. Әрине, келесі Олимпиадаға да қатысқым келеді. Бұған да бір серпіліс керек. Әлем чемпионаты мен Азия біріншілігінің, Әлем кубоктарының жүлдесі бар. Енді Олимпиададан медаль алу ғана қалды, – дейді Курбанов.

Ал енді кейіпкеріміз туралы аз-кем сөз саптасақ. Руслан Курбанов 1991 жылы Өскеменде дүниеге келген. Семсерлесуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ұлттық құраманың мүшесі. 2021 жылы Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, қорытынды есепте 12-ші орынды місе тұтқан. Бұған қоса ол Әлем кубогында алтын, Әлем чемпионатында қола жүлдені иеленген, 19-шы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанған. Курбанов Әлем кубогы мен Азия чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, Қазақстан чемпионатында да сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілген.

Айта кетейік, Олимпиада қарсаңында Кувейтте өткен Азия біріншілігінде семсерлесуден еліміздің ерлер командасы финалда Жапония спортшыларын жеңіп, құрлық чемпионы атанған болатын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив