KZ
Өскемен
+32°
ясно жел 5 м/с, С
473.95 513.38 5.5

Руслан Курбанов: Психологиялық сынақтан сүрінбей өттік

фото: instagram.com/drs_kz/

10.07.2024, 19:12 117 ALTAINEWS

Санаулы күндерден кейін Париж төрінде XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Төрт жылда бір рет болатын дүбірлі додаға Қазақстан спортшылары да қызу дайындық үстінде. Бүгінге дейін біздің саңлақтар 25 спорт түрінен 80 жолдама жеңіп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Оның ішінде 10 лицензия шығысқазақстандық спортшылардың еншісінде. Атап айтсақ, еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков, таэквондошы Батырхан Төлеуғали, семсершілер Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимов, марафоншы Жанна Мамажанова, жеңіл атлеттер Нора Джеруто, Джепкемей Дейзи, Надежда Дубовицкая және Елизавета Матвеева Франция жеріндегі байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын болады. Бағы мен бабы қатар шапса бұлардың кез келгені олжа салады деп отыр мамандар. Жүлдеден үмітті спортшылардың бірі – семсерші Руслан Курбанов.

Руслан Римзиевич Курбанов 1991 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. Семсерлесуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ұлттық құраманың мүшесі. 2020 жылы Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, қорытынды есепте 12-ші орынды місе тұтқан. Бұған қоса ол Әлем кубогында алтын, Әлем чемпионатында қола жүлдені иеленген, 19-шы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанған. Әлем кубогы мен Азия чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері атанған, Қазақстан чемпионатында сан мәрте жеңіс тұғыры көтерілген. Русланның ендігі мақсаты – Олимп шыңын бағындыру.

– Бізге финалда Жапония құрамасын жеңу керек болды. Сөйтіп әлемдік рейтингтегі көрсеткішімізді жақсартып, Олимпиада алдында психологиялық дайындығымызды тағы бір мәрте тексеріп алуды жөн санадық. Бұл сынақтан біздің команда өкілдері сүрінбей өтті. Алдағы дүбірлі додаға сақадай сай дайынбыз, – деді Руслан Курбанов жуырда ғана Кувейтте аяқталған Азия чемпионатынан оралған сәтте.

Айта кетейік, Кувейтте өткен Азия біріншілігінде семсерлесуден еліміздің ерлер командасы финалда Жапония спортшыларын жеңіп, чемпион атанған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Франция астанасы Парижде шымылдығы түрілетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Оған әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив