KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 3 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

«Алтай Торпедо» жарыс фаворитін сүріндірді

25.11.2020, 10:17 256

Өскемендік дербиде ешкім күтпеген нәтиже тіркелді. Шайбалы хоккейден ел біріншілігінің кезекті турында жарыс фавориті «Торпедо» мен әзірге көш соңында келе жатқан «Алтай Торпедо» кездескен болатын. Еске салайық, осыдан бірер күн бұрын қарсыластар арасындағы алғашқы кездесу өтіп, ол ойында торпедолықтар 4:1 есебімен басым түскен-ді.
Ал қарымта ойын мүлде өзгеше бағытта өрбіді. Бірінші матчтағыдай емес, бұл жолғы кездесуде керісінше «Алтай Торпедоның» қарқыны қатты болды. Өскеменнің екінші командасы саналатын ұжым чемпионаттың басты фаворитін әбден састырды. Алғашқы минуттардан-ақ азулы қарсыласының қақпасына лап қойған «Алтай Торпедо» хоккейшілері матчтың жетінші минутында шабуылшы Александр Дзедаевтың көмегімен есепті ашты. Дегенмен, бірінші ойындағыдай, торпедолықтар тез есе қайтарды. Көзге түскен – шабуылшы Александр Архипов. Бұл 1:1 есебі алғашқы үзіліске дейін өзгерген жоқ.
Ал екінші кезеңде «Алтай Торпедо» хоккейшілері жиі ереже бұзып, сан мәрте айдыннан қуылғанына қарамастан, «Торпедо» қақпасынан тағы бір мәрте саңылау таба білді. Бұл жолы экс-торпедолық Ян Хоменконың қанжығасы майланды.
Бұдан кейін есепті теңестіреміз деп, тайлы-тұяғымен шабуылға шыққан торпедолықтар өз қақпасына тағы бір шайба жіберіп алды. Аталмыш нәтижелі соққының авторы шабуылшы Никита Линник болды. Ойын соңына дейін қалған 15 минутта «Торпедо» ойыншылары «Алтай Торпедо» қақпасына оқтын-оқтын шабуылдар ұйымдастырғанымен, есеп өзгеріссіз қалды – 3:1. «Алтай Торпедо» жеңіске жетті.
Осылайша, 20 жыл бойы ресми ойындарда жолы түйіспеген «Торпедо» мен оның қосалқы құрамы (фарм-клубы) арасындағы екі кездесудің бірінде хоккей мамандары да, жанкүйерлер де күтпеген нәтиже тіркелді.
Дегенмен, бұл сәтсіздігіне қарамастан, «Торпедо» әлі де турнир кестесінің көшін бастап тұр. 14 ойыннан кейін қоржынында 37 ұпайы бар Олег Болякин шәкірттері екінші орындағы Нұр-Сұлтанның «Номадынан» бес ұпайға алда. Ал 15 ұпай жинаған «Алтай Торпедо» әзірге 11-ші орында.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу