ШҚО-да тәртіп сақшылары интернет алаяқтар тобын ұстады
Күдіктілер қылмыс жасау үшін 253 мобильді құрылғы мен 573 ұялы байланыс операторларының абоненттік нөмірлерін пайдаланған.
ШҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мақсатты іс-шаралар өткізу нәтижесінде 2022 жылдың қаңтарынан бастап Интернет желісі арқылы алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
19 қаңтар күні Өскеменде тәртіп сақшылары қылмыстық әрекетті ұйымдастырушы 28 жастағы қала тұрғыны мен 22 және 27 жастағы көмекшілерін қолға түсірген.
Олар Instagram әлеуметтік желісінде жалған аккаунт ашып, онда онлайн несие ресімдеуге көмектесетіндері туралы хабарландыру таратқан.
Артынша өздеріне жүгінген азаматтарға олар микрокредиттік ұйымдарда тауарлық кредиттер ресімдеген.
Қазіргі уақытта Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде және ШҚО тұратын 109 жәбірленуші анықталған.
Сондай-ақ, жүргізілген тергеу әрекеттері барысында полиция қызметкерлері жәбірленушілерге несие ретінде ресімделген теледидар, планшет, ұялы телефондарды күдіктілер Өскемен қаласының ломбардтары мен комиссиялық дүкендеріне тапсырған, сондай-ақ өткізілген тауарлардың жазбалары бар журнал сияқты заттай дәлелдемелерді тәркілеген.
Криминалдық полиция қызметкерлері осындай қылмыстарға қатыстылығын анықтау мақсатында басқа облыстарға бағдар жолдады.
Күдіктілерге қатысты ҚРҚҚ-нің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу шаралары жалғасуда.