Тарбағатай ауданы толықтай таза ауызсумен қашан қамтылады?
Шартты сурет
Тарбағатай ауданында 2025 жылға дейін аудан тұрғындарын 100 пайыз толық таза ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Бұл туралы Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Құйған ауылы – үлкен ауыл. Ол жерде су жүйесі бар, бірақ тұрғындар осы уақытқа дейін суды сырттағы құдықтан тасиды. Биыл әр үйге су тарту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Оған қаражат бөлінген. Жаңаауыл ауылында да солай. Әр үйге су кіргізу үшін су құбырын қайта жаңғырту жұмыстарына қажетті қаражат бөлінген, – дейді аудан әкімі.
Сондай-ақ Асусай, Шорға, Жаңатілеу, Шеңгелді елді мекендеріне су құбырларын тартуға мердігер анықталып, қазір жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Келесі жылы аталған ауылдарға да су құбырлары тартылатын болады.
– Бізде шағын ауылдар бар, атап айтсақ, Тәуке, Қазақстан, Шолақорда, Қарой, Ахметбұлақ, Сарыөлең ауылдарына да ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, орталықтандырылған су жүйесін тұрғын үйлерге кіргізу және көше колонкаларын орнату жоспарда бар, – деп атап өтті Дархан Шомпайұлы.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауызсумен қамтуды тапсырған болатын.
Оқи отырыңыз