Первомайский ауылындағы ауызсу мәселесі бақылауға алынды
Фото: egemen.kz
Шемонаиха ауданына қарасты Первомайский ауылында болған су құбырындағы апат салдарынан тұрғындар ауызсусыз қалды.
Қазіргі уақытта аталған мәселе жергілікті биліктің бақылауында, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Апатты жағдайды жою үшін су құбырын жөндеуге және тағы бір қозғалтқыш сатып алуға аудандық бюджеттен 91 миллион теңге бөлінді. Іске асыру мерзімі – тамыз-қазан айларына белгіленген. Материалдарға тапсырыс беріліп, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Электр қозғалтқышы 26-27 тамызда жеткізіледі, – деді Первомайский кентінің әкімдігі.
Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бірнеше күннен бері ауызсусыз қалған тұрғындарға су жеткізіле бастады. Дүйсенбіден бастап ауылда шаруа қожалықтарының көмегімен техникалық су таратылды.
– Аптаның ортасынан бастап біз жалғызбасты зейнеткерлерге, бір жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге ауызсу мен техникалық су таратуды ұйымдастырдық. Әлеуметтік желілерде және ақпараттық стендтерде тұрғындардан өтінімдер қабылданатын телефон нөмірлері бар хабарландырулар ілінді. Барашки ауылынан таза су әкімдіктің машинасымен әкелінді. Тұрғындарға бір күнде 450 литр су таратылды, – деп толықтырды кент әкімдігінде.
Олар тұрғындардың өтініштері бойынша су жеткізуді жалғастыруда. Қазіргі уақытта ауызсу автоцистернаның көмегімен тасымалданып жатқан көрінеді. Жергілікті билік халықпен кездесіп, электр қозғалтқышын ауыстыру бойынша техникалық жұмыстар кезеңінде кентті ауызсумен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Қазіргі уақытта жағдай толықтай бақылауда.