Құрылыс компаниялары тұрғындарды үлескерлікке заңсыз тартқан - Өскемен

Өскеменде салынып жатқан 48 үйдің 23-і құрылысқа үлестік қатысу туралы ҚР Заңын өрескел бұзған. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов құрылыс басқармасы және Өскемен әкімдігімен бірлесіп өткен кеңес барысында айтты.
Құрылыс компаниялары салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтер жарнамаларын шығарып, алдын ала брондап қоюды ұсынған. Ол ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жүргізген мониторинг нәтижесінде белгілі болған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мониторинг нәтижелеріне сәйкес, облыс орталығында пәтерлерді брондауға тек бір ғана компанияның құқығы бар екені анықталды. Себебі, оның қолында тұрғындардың өз пәтерлерін алуына кепілдік беретін барлық қажетті құжаттар бар.
Облыс әкімінің айтуынша, заңнамаға сәйкес құрылыс компаниялары объектілерді өз қаражатына тұрғызуы салуы тиіс. Пәтерлерді брондауға, пәтердің болашақ иелерінен ақша алуға тек үш жағдайда рұқсат етіледі. Атап айтқанда, тұрғын үй бағдарламасының бірыңғай операторынан кепілдіктер алған кезде, құрылыс салушының Екінші деңгейдегі банктердің жобаларына қатысуы кезінде немесе көппәтерлі үйдің қаңқасы салынғаннан кейін.