Өскеменде жол учаскелерінің бірінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды

Бүгін қаладағы Шнайдер көпірінде кіші айналма жолы жақтан қозғалыс ашылды. Осы учаскедегі жолдың орташа жөндеуі толығымен аяқталды.
Айта кету керек, бұл учаске көптен бері қала тұрғындарының сынына ұшырап келіп еді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жүргізушілер болса, көпірден көлігіңді сындырмай, дөңгелегін теспей өту мүмкін емес дейтін. Тіпті көпірдің кей жеріндегі шұңқырлардың тереңдігі 10 сантиметрден асып кеткен.
Айта кету керек, кейбір учаскелерде қозғалысты жабу тәжірибесі тек қозғалыс қарқындылығы төмен жолдарда ғана қолданылады. Қазір Абай даңғылында да жұмыстар қарқын алды, мұнда жұмыс екі ауысымда (күндіз-түні) жүргізілмек.
Қала басшысының айтуынша, жолдарды жөндеудің бірінші кезеңі аясында қаладағы 16 учаскеге жаңа асфальт төселеді, осы қажеттіліктерге 1,3 миллиард теңге бөлініп отыр.