Жолдарды орташа жөндеу жұмыстары басталып кетті – Өскемен
Фото: Шартты сурет
Өскеменде жолдарды орташа жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қазір Теміржолшылар мен Интернациональная көшелерінде (Волгоградская көшесінен Абай даңғылына дейінгі аумақ) дайындық кезеңі басталған.
Биыл да жөндеу жұмыстары екі кезеңде өтеді. Осы жылы орташа жөндеудің бірінші кезеңінде қаланың негізгі магистральдарындағы 9 учаскеде асфальт жабыны ауыстырылады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Негізгі жұмыстар күн жылынғанда басталады. Технология бойынша, ауа температурасы 15 градустан жоғары болғанда ғана битум мен асфальт қоспасы жақсы араласады. Қазір мердігерлер ескі асфальт жабындысын алып, бордюрлерді бөлшектеу жұмысын жүргізіп жатыр.
Жөндеу жұмыстары жүргізілетін көшелер қатарына Абай даңғылы (Б.Александров атындағы спорт сарайынан Тракторная көшесіне дейін), Теміржолшылар көшесі, Молдағұлова, Протозанов (Үлбі көпірінен Мыза көшесіне дейін, көпірасты арқылы өтетін жол), Интернациональная (Волгоградская көшесінен Абай даңғылына дейінгі тақ жағының қалған бөлігі), Қалихан Ысқақ (Гагарин бульварынан Севастопольская көшесіне дейін), Пограничная (Назарбаев даңғылынан Бажов көшесіне дейін) көшелері және «Радуга» саяжай қоғамына баратын жол (№53 автобустың бағыты), Аврора көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысындағы учаске жатады.
Жолдарды орташа жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңіне осы жылы 1,3 миллион теңге бөлінген.