Жарма ауданында 60 жоба жүзеге асырылып жатыр
Биыл Жарма ауданында түрлі деңгейдегі 60 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде жалпы құны үш миллиард 679 миллион теңгені құрайтын инвестициялық жобалар, сондай-ақ күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары да бар.
Түптеп келгенде, бұл жұмыстар ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық ахуалына айтарлықтай өзгерістер енгізуі тиіс.
Жарма ауданы әкімінің орынбасары Айдар Ибраевтың хабарлауынша, өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 25 жобаны іске асыруға 656 миллион теңге бөлінген. Соның арқасында ауданда 174 жаңа жұмыс орны құрылыпты.
Белгілі болғандай, бүгінге дейін 23 жоба жүзеге асырылып қойған, тағы екі жоба бойынша жұмыстар аяқталуға жақын екен. Оның ішінде елді мекендердегі көше жолдарын қалпына келтіру жұмыстары да бар. Мысалы, Қалбатау ауылының үш көшесіне (Ақтамберді жырау, Тәңірбергенұлы, Ысқақов) және Шар қаласындағы Қабанбай көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұған қоса, Қалбатау ауылының екі көшесіне (Келденова, Боранбай би), Шар қаласының Амангелді көшесіне және Әуезов ауылының Геологиялық көшесіне жарық тартылған.