«Алтай» «Қыранға» қарсылық көрсете алмады
![](/kz/uploads/posts/iblock/bc5/bc575b5d6f934f0a12bb2b1fef582653.jpg)
Төрт ойында төрт ұпай. Былтыр чемпиондық атақ үшін талас жүргізген семейлік «Алтайдың» биылғы қарқыны әзірге осындай.
Еске салайық, өткен маусымда Сергей Тимофеев шәкірттері ел біріншілігі аясындағы 26 кездесуде өз қақпасына бар болғаны 14 доп өткізіп, ең үздік қорғанысқа ие команда атанған болатын. Дегенмен, бұл жайт та «Алтайды» ел футболының элиталық дивизионы – Қазақстан Премьер-лигасына алып шыға алмаған еді.
Ал биылғы бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионаты футболшыларымыз үшін тіптен сәтсіз басталды. Біріншілік аясында төрт кездесу өткізіп үлгерген жерлестеріміз оның екеуінде жеңіліс тауып, мүмкін болған 12 ұпайдың төртеуіне ғана қол жеткізді.
Соңғы турда Шымкентте Түркістанның «Қыранымен» кездескен «Алтай» қарсыластарына бәлендей қарсылық көрсете алмай, 0:2 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Аталған матч барысында семейлік ұжымның шабуылшысы Денис Митрофанов алаңнан қуылғанын да айтқан абзал.
Осы жеңілісінен кейін семейліктер жарыс кестесінің бар болғаны тоғызыншы орнында орналасуда. Бұл ретте биылғы ел чемпионатында барлығы 15 команда өнер көрсетуде екенін айтқан жөн.
Келесі ойынын «Алтай» 30 қыркүйек, сәрсенбі күні «Екібастұзға» қарсы өткізеді. Бұл матч та еліміздің басым бөлігіндегі ауа райының қолайсыздығына, сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты Шымкенттегі «Биік» спорт кешенінің стадионында ойналмақ.