Семейлік «Алтай» фавориттен аутсайдерге айналды
![](/kz/uploads/posts/iblock/e6c/e6ccee4b62eb540893c0dcfa3b09dc8b.jpg)
Павлодарда футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының екінші айналымы басталды. Еске салайық, Шымкентте өткен бірінші айналымда Семейдің «Алтайы» алты кездесудің тең жартысында жеңіліс тауып, өз конференциясындағы соңғы орынның бірінде қалып қойған.
Екінші айналымның тұсаукесер ойынын жерлестеріміз түркістандық «Арысқа» қарсы өткізді. Осы ретте қос ұжым арасындағы алғашқы ойын 2:0 есебімен арыстықтардың пайдасына аяқталғанын айта кеткен орынды.
Ал бұл кездесуде алты бірдей гол соғылды. Оның үшеуі алтайлық футболшылардың еншісінде. Дәлірек айтсақ, матчтың 21-ші минутында он бір метрлік айып добын мүлтіксіз орындаған шабуылшы Ерсұлтан Төреқұл таразы басын теңестірсе, төрт минуттан кейін Денис Митрофанов көзге түсіп, семейлік команданы алға шығарған-ды. Ал ойынның негізгі уақытының аяқталуына шамамен бес минут қалғанда дәл сол Митрофанов дубль авторы атанып, командасына бір ұпай алып берді. Қорытынды есеп 3:3!
Осылайша, жеті кездесуден кейін қоржынында алты-ақ ұпайы бар «Алтай» әзірге өз конференциясында алтыншы, ал жалпы турнир кестесінде 12-ші орында орналасуға мәжбүр.
Еске салайық, былтырғы маусымда Сергей Тимофеев шәкірттері ел біріншілігі аясындағы 26 кездесуде өз қақпасына бар болғаны 14 доп өткізіп, ең үздік қорғанысқа ие команда атанған болатын. Алайда, бұл жайт та «Алтайды» ел футболының элиталық дивизионы – Қазақстан Премьер-лигасына алып шыға алмаған еді. Ең өкініштісі, былтыр жүлделі орындарға таласқан жерлестеріміз бүгінде жарыстың сөзсіз аутсайдерлерінің біріне айналған.
Ал биылғы ел чемпионатына барлығы 14 команда қатысып, екі конференцияға бөлініп өнер көрсетуде екенін айтқан жөн.