KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, В
506.43 522.43 5.28

Семейдің «Алтайы» биылғы чемпионатты жеңіліспен бастады

18.09.2020, 05:53 215

Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігі шымылдығын түрді. Былтырғы додада чемпиондық атақ үшін таласқан Семейдің «Алтайы» биылғы чемпионатты жеңіліспен бастады.

Айта кетейік, еліміздің басым бөлігіндегі ауа райының қолайсыздығына байланысты әзірге жарыстың барлық ойыны республиканың оңтүстік өңірлерінде ойналуда. «Алтай» тұсаукесер матчын Шымкентте түркістандық «Арысқа» қарсы өткізді.
Өкінішке қарай, бұл кездесуде жерлестеріміз ауыз толтырып айтарлықтай ойын өрнегін көрсете алмады. Бүкіл матч бойы алтайлықтар қарсылас қақпасына саусақпен санарлықтай мәрте ғана қауіп төндіре алды. Есесіне, «Арыс» футболшылары бұл кездесуге тыңғылықты дайындықпен келгендерін байқатты. Әсіресе, түркістандық ұжымның капитаны Шынболат Мақсымхан бабында екен. Бұл ойындағы жартылай қорғаушының алыстан соққан қос голы «Арысқа» жеңіспен бірге, алғашқы үш ұпайды да әперді.

Ал бірінші ойында ұпайдан қағылған семейлік команда болса, әзірге турнир кестесінің төменгі жағында орналасуға мәжбүр.

Еске салайық, былтырғы маусымда Сергей Тимофеев шәкірттері ел біріншілігі аясындағы 26 кездесуде өз қақпасына бар болғаны 14 доп өткізіп, ең үздік қорғанысқа ие команда атанған болатын. Алайда, бұл жайт та «Алтайды» ел футболының элиталық дивизионы – Қазақстан Премьер-лигасына алып шыға алмады. Семейлік ұжым чемпионаттың соңғы турларына дейін үш жолдаманың бірі үшін талас жүргізген еді. Бірақ ол жолы жерлестерімізге сәттілік жолдас болмады. Тартысты бәсекенің нәтижесінде бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатында топ жарған Петропавлдың «Қызылжарын», сондай-ақ сәйкесінше екінші және үшінші орындарға табан тіреген Ақтаудың «Каспийі» мен Оралдың «Ақжайығын» алдына жіберген «Алтай» небары төртінші орынды місе тұтқан-ды.

Ал биылғы ел чемпионатында барлығы 15 команда өнер көрсетуде екенін айтқан жөн.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу