KZ
Өскемен
-12°
переменная облачность жел 1 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Семейлік «Алтай» төмен сырғып барады

5.10.2020, 12:18 227

«Алтай» тағы ұпай жоғалтты. Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының алтыншы турында көш басындағы «Ақтөбеден» жеңіліс тапқан семейлік ұжым әзірге өз конференциясында бесінші орыннан жоғары көтеріле алмауда.

Алты ойыннан кейін қоржынында бес-ақ ұпайы бар «Алтай» турнир кестесінің төменгі жағында орналасуға мәжбүр. Айта кетейік, бірінші лига командалары арасындағы биылғы ел чемпионатына қатысатын 14 ұжым екі конференцияға бөлініп, өзара мықтыны анықтауда.

Ал Шымкент қаласындағы «Биік» спорт кешенінің стадионында өткен «Ақтөбе» мен «Алтай» арасындағы кездесу 2:0 есебімен аяқталғанын айту керек. Бұл ойында біздің команда қақпасынан ақтөбелік Андрей Часовских (70-ші минут) пен Виталий Волков (85-ші минут) саңылау тапты.

Еске салайық, бұдан бірер күн бұрын Сергей Тимофеев шәкірттері «Екібастұзбен» 0:0 есебімен тең тарқасқан болатын. Ол ойында командалар қарсылас қақпасына оқтын-оқтын шабуыл ұйымдастырғанымен, оның бірде-бірі нәтижелі аяқталмады.

Қазір еншісінде бес ұпайы бар «Алтай» өз конференциясында алтыншы, ал жалпы есепте 10-шы орында орналасуда. Осы ретте ел футболының элиталық дивизионы – Қазақстан Премьер-лигасына өз конференцияларында топ жарған командалар жолдама алатынын айта кеткен абзал.

Ел біріншілігі аясындағы келесі кездесуін алтайлықтар қай күні өткізетіні әзірге белгісіз. Жалпы, еліміздің басым бөлігіндегі ауа райының қолайсыздығына, сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты әзірге жарыстың барлық ойыны республиканың оңтүстік өңірлерінде ойналуда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу