KZ
Өскемен
-13°
переменная облачность жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

"Өз күшіне сену" ШҚО-да биыл 39 адам суға кетті

18.09.2020, 05:00 258

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда 39 адам суға кеткен. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Айта кетейік, биыл облысымыздағы суға шомылу маусымы 1 маусымнан 31 тамызға дейін жалғасты. Жалпы, бүгінде облыс аумағында шомылуға жарамды екі мыңнан астам жер бар болса, оның көбі елді мекендер маңында орналасқан екен. Облыстық әкімдіктің шешіміне сәйкес, биыл 369 жерде суға түсуге рұқсат берілген. Оның 180-інде арнайы жағажайы бар. Тағы 64 учаскеде суға түсуге тыйым салыныпты. Ондай-ақ ағымдағы жылы барлығы 152 құтқарушы маман даярланып, демалыс базаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысқан-ды.

Ведомствоның мәліметінше, суға шомылу маусымы кезінде құтқарушылар 41 адамның өмірін сақтап қалыпты. Дегенмен мамандардың өздері де кей жағдайларда көмек тым кеш келіп жеткенін жасырмайды. Бұған себеп – демалушылардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеуі.

– Өз күшіне сену, алкоголь, құтқару құралдарының болмауы – облыс су айдындарында тіркелген жазатайым оқиғалардың негізгі себептері осылар. Жалпы, жоғарыда айтқан факторлар 31 адамның ажал құшуына алып келген. Өкінішке қарай, қайтыс болғандардың арасында тоғыз бала да бар. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, былтырғы шомылу маусымында 30 адам (оның бесеуі бала) суға кеткен, – деген облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Титов өңірде судағы қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында айтарлықтай жұмыс атқарылып жатқанымен, әзірге нәтиже көңіл көншітпей тұрғанын жасырмады.

Белгілі болғандай, биылғы шомылу маусымы кезінде облыстағы өзен-көлдер мен өзге де су қоймаларына жүргізілген рейдтер барысында жағажайларда ішімдік ішу және тыйым салынған жерлерде суға түсуге қатысты 146 заңбұзушылық анықталған екен.
Осы ретте құтқарушылар облыста суға шомылу маусымы ресми түрде аяқталғанымен, тұрғындарға өзен-көл жағалауында қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін тағы бір мәрте ескертуде.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу