«Сергек» артқы нөмірді түсіре ала ма?
Ел астанасындағы камералар «арттан атуды» бір-екі жыл бұрын бастаған. Кейінірек, көктемде, Алматыдағы бекеттер осы әдіске көшті. «Сергектерге» аталмыш функция полиция қызметкерлерінің өтініші бойынша орнатылған. Тәртіп сақшылары мемлекеттік тіркеу номерін техниканың артына тағатын мотоциклистерді осылайша бақылауға алмақ болды. Әлбетте, осындан кейін камералар мотоциклдың ғана емес, барлық көліктің артындағы номерді «оқиды».
«Арттан ататын» қанша камера бар екенін және олардың қай жерлерге орнатылғанын полицейлер де, «Көркем Телеком» компаниясы да ашып айтпайды. «Жүргізушілер бір көшеде жол қауіпсіздік ережесін сақтап, екінші бір көшеде жөн-жосықсыз жүрмеуі тиіс» дейді олар.
Үстіміздегі жылдың 1 мамыры мен 31 шілдесі аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сергек» камералар ереже бұзған 283 мотоцикл жүргізушісін анықтаған. Ал Алматыда 364 ереже бұзушы тіркелген. Оның ішінде 14 жүргізуші камераға кемінде 5 реттен түскен. Яғни мотоцикл жүргізушілерінің 80 пайызы жылдамдықты асырып жіберген.