Өскемендік джитсерлер үздіктер қатарында
Өскемендегі Қасым Қайсенов атындағы джиу-джитсу мен грепплинг академиясының тәрбиеленушілері халықаралық додаларда топ жарып жүр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
16-22 желтоқсан аралығында құрамында 12 спортшысы бар өскемендік команда Ресей астанасы Мәскеуде өткен джиу-джитсуден ACB World деп аталатын Әлем чемпионатына қатысып қайтқан болатын. Бұл сында спортшыларымыз үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп, тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеген.
Бұл – жерлестеріміздің 2024 жылы жеңген алғашқы жүлделері емес екенін айту керек. Осыдан біраз бұрын UAEJJF қамқорлығымен өткен Abu Dhabi World Festival championship жаһандық біріншілігінде де шығысқазақстандық джитсерлер керемет өнер көрсете білген болатын. Әлемнің 56 елінен сегіз мыңнан астам қатысушыны жинаған дүбірлі додада біздің спортшылар 7 медаль жеңіп алған еді. Оның үшеуі алтын, екеуі күміс, екеуі қола.
Академияның бас бапкері Солтан Ахметов атап өткендей, команданың жетістіктері – қажырлы еңбек пен тыңғылықты дайындықтың нәтижесі.
Қасым Қайсенов атындағы академияда джиу-джитсу сабақтары барлық жастағы адамдар үшін қолжетімді. Жергілікті мамандардың айтуынша, алғашқы бірнеше жаттығу тегін екен. Бұл балалар мен ата-аналарға спорттың аталмыш түрімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Бір айта кетерлігі, арагідік алыс-жақын сапарларға шығып тұратын спортшылардың жол шығындарын демеушілер мен клуб басшылығы өз мойнына алған. Меценаттардың осындай қолдауының арқасында жас спортшыларымыз елімізді әлемдік ареналарда танытып жүр.
Биыл Ислана Қазақстан біріншілігі, Азия ойындары мен Абу-Дабиде жалауын желбірететін Әлем чемпионатына қатысып, қоржынды жүлдеге толтыруға ниетті.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: Солтан Ахметовтан