Жерлесіміз Әлем чемпионатының қос медалін жеңіп алды
Шығысқазақстандық фристайлшы жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында алтын мен күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл күндері Алматы қаласындағы «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында фристайлдың могул түрінен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа Жапония, Франция, Оңтүстік Корея, Швеция, АҚШ, Чехия, Германия мен Швейцариядан келген спортшылар қатысуда. Биылғы чемпионатта барлығы 53 спортшы бақ сынап жатыр.
Екі күндік жарыс қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстан облысының өкілі Анастасия Городко қыздар арасындағы параллель могул сайысында алтын, ал жекелей сында күміс медаль жеңіп алды.
Ертең, 9 қаңтар күні спортшылар аралас параллель могул дисциплинасы бойынша медальдар үшін сайысқа түседі.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі