ШҚО: Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы нақты қадамдар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Президент «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында жұмысшы мамандықтарының қоғам үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.
Бұл маңызды бастаманың аясында Шығыс Қазақстан облысында бірқатар шаралар жоспарланып отыр. ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев аталған бағыттағы жұмыстардың негізгі басымдықтарын тілге тиек етті.
Облыста «Мектеп-Колледж-Кәсіпорын» жүйесі аясында кәсіптік бағдар беру жұмыстары қолға алынған. Бұл жүйе шеңберінде кәсіпорындарда оқушылар үшін шеберлік сыныптары, Ашық есік күндері мен экскурсиялар өткізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, өңірдегі 5 колледждің базасында құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Олардың бірі халықаралық аккредитациядан өтсе, тағы бір орталық биыл аккредитациядан өтеді деп жоспарлануда.
Шалғай ауылдардағы жастар үшін мобильді оқу орталықтары білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз етуде. Алдағы уақытта «Мектеп-интернат-колледж» кешендерін ашу арқылы колледжі жоқ аудандардың тұрғындарына сапалы білім беру жүйесі құрылмақ.
2025 жылдан бастап өңірде құрылыс, ауыл шаруашылығы, авиация, энергетика, су көлігі сияқты бағыттар бойынша жаңа жұмысшы мамандықтары ашылмақ. Сонымен қатар «Серпін» жобасы қайта жанданып, студенттерге Шығыста білім алуға мүмкіндік берілмек.