Өскеменде қоғамдық көліктерге рейд жұмыстары жүргізілді
ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ұйымдастыруымен қалалық басқарманың мамандары Өскемендегі қоғамдық көліктерде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормалары қаншалықты сақталатынын білу үшін рейд жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын ұйымдарға бірнеше талаптар қойылады. Жұмыс ауысымы аяқталғаннан кейін қоғамдық көлік міндетті түрде дезинфекциялаудан өтуі тиіс, толық бағыт аяқталғаннан кейін соңғы аялдамалардағы тұрақтарда салонды желдету, терезелерді, есіктерді, тұтқаларды дезинфекциялайтын майлықтармен сүрту жүргізілуі тиіс. Қоғамдық көліктің жұмысшылары – жүргізуші, кондуктор жеке қорғаныш құралдары, қолғап, медициналық маскаларды міндетті түрде пайдалану қажет.
Бүгінгі тексеру нәтижесінде кейбір кондукторлар мен жүргізушілердің арасында маскалық режимнің сақталмауы анықталды.
- Елімізде орын алған эпидемиологиялық ахуалға байланысты барлық кәсіпкерлік нысандарына түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Бәрі болмаса да, қоғамдық көліктердегі жұмысшылардың көпшілігі қажетті талаптарды сақтайды. Автобустарда дезинфекция жүргізіледі. Маскалар мен қолғап кимейтіндер үшін біз түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, оларға ескерту жасаймыз. Алдын алу шараларын сақтаудың маңыздылығын еске салу арқылы ғана облыстағы эпидемиологиялық жағдайды жақсарта аламыз, – деді ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Тауанова.