Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер болады?
Биылғы оқу жылына қатысты Білім және ғылым министрлігі үш түрлі нұсқа ұсынып отыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Нұсқалар елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып әзірленген. Бұл туралы Білім және ғылым министрлі Асхат Аймағамбетов онлайн форматта өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Бірінші нұсқа – қашықтықтан оқыту. Бұл нұсқада алыстағы елдімекендерді есептемегенде қалғанының бәрі қашықтықтан оқытылады екен.
Екінші нұсқа – іштей және қашықтан оқыту. Мұнда мектепте міндетті түрде термометрия, санитайзерлер болуы тиіс. Әлеуметтік қашықтық сақталып, сабақтар қысқартылуы керек. Кабинеттік жүйе тоқтатылады.
Үшінші нұсқа - штаттық режимде қатаң санитарлық шектеу шараларын сақтай отырып, сабақты жалғастыру.
- Осы үш нұсқа Денсаулық сақтау министрлігімен, басқа да мемлекеттік органдармен талқылану үстінде. Оны зерттеу үшін жұмыс топтары құрылып, ғалымдар мен педагогтар, мектеп директорлары мен сарапшылар тартылды, - дейді ведомство басшысы.