Масканы бірінші кезекте кімдер тағуы тиіс? – министр жауабы
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов маска тағу қажеттігі бар топтарды атады.
«Қазір оқушылар мен студенттер демалыста. Өкінішке қарай, кез келген бала, шәкірт немесе студент инфекцияны тасымалдаушы болуы мүмкін. Олар достарымен кездесемін деп жүріп, індетті жұқтырып алса, үйдегі егде жастағы ата-ана, жасы үлкен туыстарына үлкен қауіп төндіреді. Оның зардабы да ауыр болмақ», - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осы орайда ол 5 маусымда ДДСҰ халықтың түрлі топтарына арналған маскаға қатысты жаңа ұсыным жасағанын еске салды.
«COVID-19 таралуының алдын алу үшін міндетті түрде әлеуметтік арақашықтықты (кем дегенде 1 метр) сақтау керек. Медицина қызметкерлеріне, респираторлық ауру симптомдары бар адамдарға, халықтың осал тобына кіретін адамдарға, сондай-ақ 1 метр арақашықтықты сақтауға мүмкіндік болмаған кезде маска тағу ұсынылды. Сонымен қатар, ДДСҰ COVID-19 жеңіл симптомдары бар адамдарға медициналық маска тағуға (және медициналық көмекке жүгіну) кеңес береді», - деді Е. Біртанов.