«Топаздан» түскен шағым негізсіз емес - департамент басшысы
ШҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Серік Мамаев «Топаз» ЖШС-нің иесі Болат Бағадаевтан түскен шағым бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ішкі мемлекеттік аудит департаменті облыстық Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасында аталған компаниядан түскен арыз бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп, оның нәтижесін арнайы құрылған комиссияның отырысында хабарлаған болатын.
- Біздің департаментке «Топаз» ЖШС-нен арыз түсті. Сол арыз департамент тарапынан толық қаралды. Тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша, компанияның берген шағымы расталып отыр. «Топаз» ЖШС конкурсқа қатысушылардың тізіміне негізсіз кіргізілмеген, - дейді Серік Мамаев.
Айтуынша, департамент тарапынан нұсқау жіберілгеннен кейін, нұсқау орындалуы тиiстi.
Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасында әлі де тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Мемлекеттік сатып алу бойынша өткен конкурстарға «Топаз» ЖШС-і ғана емес, басқа да компаниялар шағым түсірген.
Департамент басшысының айтуынша, кәсіпкерлердің шағымдары бойынша тексеру жұмыстары толық аяқталған соң қосымша мәлімет беріледі.