KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 4 м/с, З
494.87 520.65 4.91

ШҚО-дағы тендер дауы сот арқылы шешіле ме?

10.06.2020, 16:10 167

ШҚО-да екі кәсіпкер Александр Федосов пен Болат Бағадаев өңірде тендердің дұрыс әрі ашық өткізілгеніне сенімсіздік танытқан еді. Түрлі айыптаулар айтып, осы мәселе жайлы жарияға жар салған кәсіпкерлердің шағымы әлі де қаралуда. Жұртты дүрліктірген тендер дауы сот арқылы ғана шешілетін көрінеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Бүгін облыстық әкімдіктің қабырғасында мемлекеттік сатып алуға қатысты мәселелерді қарайтын облыстық комиссияның үшінші отырысы өтті. Бұған дейін 3 маусымда комиссияның алғашқы отырысында Александр Федосов пен Болат Бағадаевтың шағымдары тыңдалған болатын. 5 маусымдағы екінші отырыста қарсы тараптың, яғни кәсіпкерлер айыптап отырған мемлекеттік орган өкілдерінің Александр Федосовтың шағымына қатысты жауаптары қаралған еді.

Бүгінгі отырыста «Топаз» ЖШС иесі Болат Бағадаевтың шағымы қаралып отыр.

Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Руфат Акрамовтың түсіндіруінше, «Топаз» ЖШС «Жерасты сулары қорымен қамтамасыз ету үшін іздеу-барлау жұмыстары» нысаны бойынша конкурстан жеңілген себебі, компанияның өтінімінде жұмысты тапсыру орны аумағында, атап айтқанда, Риддер қаласында, Глубокое, Жарма, Көкпекті, Катонқарағай, Ұлан, Шемонаиха, Аягөз және Алтай аудандарында ресурстарының барын растайтын құжаттардың болмауында.

- Арнайы конкурс тәртібінің 39-шы пункті бойынша, мемлекеттік сатып алуларға қатысуға өтінімді қабылдау не қабылдамау туралы шешім әлеуетті жеткізушінің орналасқан аумағы мен атқарылатын жұмыс орындарының сәйкес келуіне байланысты қабылданады. Яғни, қызметті жеткізуші атқарылатын жұмыс орны бойынша тіркелуге тиіс немесе сол жерде ресурстары болу керек. Конкурстық комиссияға мұндай құқық карантин кезінде қалалар мен аудандар арасында қозғалысты шектеу мақсатында берілген. «Топаз» ЖШС-нің конкурсқа қатысуға берген өтінімі қабылданбады, себебі атқарылатын жұмыс орны техникалық ерекшеліктеріне байланысты облыстың аудандарында болатын. Ал «Топаз» ЖШС Өскемен қаласында тіркелген, - деді Руфат Акрамов.

 «Топаз» ЖШС шағымына сәйкес облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті аудиторлық тексеру жүргізіпті. Департамент басшысы Серік Мамаев «Топаз» ЖШС мен «Триас ЛДТ» ЖШС-нің конкурстық өтінімдерінің қабылданбау себебін қатысушыларға тең мүмкіндік берілмегендігімен байланыстырып отыр. Айтуынша, Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының бұл жердегі әрекеті заңсыз болған.

- Бұл фактаж секілді. Нәтижесінде, 39-шы пунктте берілген құқықты пайдалану арқылы конкурстық комиссия арнайы тәртіптің 9-шы пунктін бұзған. Қарапайым тілмен айтқанда, «Топаз» ЖШС мен «Триас ЛДТ» ЖШС-ін конкурсқа қатыстырмау заңсыз әрекет болып табылады, - дейді Серік Мамаев.

Алайда Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы басқарма тарапынан заңсыз әрекет жасалмағанын алға тартып, аудиторлық тексерудің нәтижесін жоққа шығарғандай болып отыр. Руфат Акрамов мемлекеттік сатып алулардың заңды түрде өткізілгенін сот арқылы дәлелдемек.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу