Өскеменде экологияны ластаған мекемеге "күлкілі" айыппұл салынды
Өскемендегі Сол жағалауда, Гребной каналы маңынан лас ағындылар сыртқа шығып, авариялық факт тіркелді. Оған кәріз құбырының үзілуі себеп болған. Ал бұл құбырларды төсеумен "Айтас МП" ЖШС айналысқан.
Аталмыш факті бойынша, қала тұрғындары ШҚО экология департаментіне шағымданып, департамент мамандары апатты құбырларды пайдаланған "Айтас МП" ЖШС жергілікті кәсіпорнына тексеріс жүргізді.
Нәтижесінде экологтар ҚР Экологиялық кодексінің 224-бабының 2 және 3-тармақтарының (су нысандарын пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар), 225-бабының 8-тармағының (сарқынды суды ағызу кезіндегі экологиялық талаптар) талаптарын бұзу фактілерін анықтап, "Айтас МП" ЖШС-на жалпы сомасы 76395 теңгеге айыппұл салды.
- Кәсіпорын басшылығы олқылықтарды жою үшін шаралар қабылдады, - деп атап өтті ШҚО экология департаменті. - Апатты жағдайды тез арада жою үшін өндірісті ішінара тоқтатты, ұзындығы үш шақырым болатын кәріз құбырының кейбір жерлерін ауыстыру сынды жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Экология департаментінің мәліметінше, қазір жаңа құбыр салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Ал апаттық жағдай толығымен жойылды.