Өскеменде ауаны ластаған кәсіпорынға айыппұл салынды
Экология департаменті ауаны ластаған Өскемендегі кәсіпорынға айыппұл салды. Бұл туралы мекеменің инстаграм парақшасында жазылды.
«27 наурызда әлеуметтік желілер арқылы май зауыты құбырынан қара түтіннің шығарылғаны туралы ақпарат түсті (Сол жағалау). Нәтижесінде департамент мамандары атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген шоғырлануынан: азот диоксиді 1.7 есе және күкірт диоксиді 3.2 есе асып кеткенін анықтады.
Өтініш негізінде, 2020 жылғы 10 сәуірде жоғары тұрған органның келісімін алғаннан кейін «ВостокАгроХолдинг» ЖШС мен «Май» АҚ-ға қатысты жоспардан тыс тексеру ашылды, оны жүргізу кезінде шығарындылар көзі «ТАГ-ТИН» ЖШС-не тиесілі екені анықталды. Ол заңды түрде «Май» АҚ және «ВостокАгроХолдинг» ЖШС-не қатысы жоқ. «ТАГ-ТИН» кәсіпорны қоршаған ортаны қорғау бойынша экологиялық талаптарды бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 324 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл норма қысқартылған өндірісте (50%) 20835 теңге сомасында айыппұл төлеу мүмкіндігін қарастырады. Департамент алдағы уақытта экологиялық заңнаманы бұзуға жол бермеу мақсатында кәсіпорынға жазбаша ұсынымдар берді» – деп жазылған ақпаратта.
Кез келген экологиялық бұзушылықтар анықталған жағдайда Экология департаментіне 8 (7232) 76-76-82, whatsApp: 8-705-752-65-66 телефоны бойынша хабарласуға болады.