Аягөздегі интернаттан тағы шу шықты. Төрт бала көз жұмды
Олардың бәрі - Аягөздегі психоневрологиялық патологиясы бар балаларға әлеуметтік қызмет көрсету интернатының тәрбиеленушілері.
Аягөздегі арнайы интернаттағы оннан астам бала қызылша диагнозымен ауруханаға түсті. Кейбірінде ішек инфекциясы да анықталды, деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы".
Бұған дейін интернатта балалар қызылшадан ғана емес, ағзаның әлсіреуінен де көз жұму мүмкін деген ақпарат шыққан. Алайда облыстың бас педиатры бұл мәліметті жоққа шығарған.
"Асқынған коморбидті фон, туа біткен патология, кахексия өлімге себеп болды. Облыстық ведомствоаралық комиссия жұмысы барысында орталықтағы барлық балаларды тексердім. Олар медициналық және әлеуметтік қызметті толық көлемде алып жатыр. Тәулік бойы мекеме қызметкерлерінің бақылауында", - деді облыстың бас педиатры Шолпан Мақашева.
Облыстың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жетекшісі Жасұлан Сәрсебаев балаларды коронавирустан қорғау үшін мекемеде карантин режимі енгізілгенін айтты. Бұған дейін балалар мен мекеме қызметкерлері Covid-19-ға сынама тапсырды. Нәтижесі теріс болып шықты.
Айта кетейік, аталмыш мекемеден бұған дейін де шу шыққан. Үш кәмелетке толмаған бала 2019 жылдың наурыз айында бірнеше рет зорлық-зомбылыққа ұшырады деп мәлімдеп, артынша, жалған ақпарат таратқан мекеменің бұрынғы қызметкерін жауапкершілікке тартқан.