Аягөзде тағы да шу. Арнайы мекемеде ұлдар жыныстық қатынасқа түспек болған
Аягөз балалар арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тағы дау шықты. 9 қыркүйекте орталықтағы бейнебақылау камераларын қарау кезінде ұлдар жатын бөлмесінде мекеме тәрбиеленушілерінің жыныстық қатынасқа түспек болу әрекеті анықталды.
Жыныстық қатынас әрекетін мекеме қызметкері байқап, уақытында қажетті шаралар қабылдаған.
- Иә, бұл деректі растаймыз. Орталық қызметкерінің қырағылығы арқасында оқиғаның алды алынды. Қазіргі уақытта балаларға медициналық тексеру жүргізіліп жатыр, олармен психолог маман жұмыс істейді, - деді ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Жасұлан Сәрсебаев бірден оқиға орнына барғаны белгілі болды. Сонымен қатар, тиісті өтініш пен материалдар іс жүргізу шараларын қабылдау үшін құқық қорғау органдары мен прокуратураға жолданған. Өңір әкімінің тапсырмасы бойынша ведомствоаралық комиссия құрылған.
"Аягөз балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" КММ директоры Шолпан Мақашеваның айтуынша, ұлдардың жағдайы қанағаттанарлық.
Айта кетейік, бұл ауыр психоневрологиялық патологиясы бар балалар ұсталатын Аягөз арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына (АӘҚКО) байланысты бірінші жағдай емес.
2020 жылдың көктемінде мұнда 4 тәрбиеленуші қайтыс болған. Кейінірек олар ауыр жарақат алғаны анықталған. Оның ішінде ми контузиясы, қан кету, жабық ми жарақаты, бас сүйегі мен негізінің сынуы және басқалары.