KZ
Өскемен
-19°
плотный туман Штиль
515.97 537.8 5.25

Өскеменде 10 қабатты үйден құлаған керамогранит оқушының үстіне түскен

30.04.2020, 15:38 105

Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған Қазыбек би көшесіндегі 7/4 және 7/3 нөмірлі тұрғын үйлер 2010-2011 жылдары қолданысқа берілді. Баспаналы болған тұрғындардың қуанышы ұзағынан сүйіндірмеді. Көп ұзамай үйдің сыртын қаптап тұрған керамикалық плиталар үп еткен желдің әсерінен құлай бастаған. Бірқатар көліктердің үстіне де түсіп, зақымдапты. Бұл мәселе туралы көп айтылып, көп жазылса да, құзырлы мекемелер назар аудармады. Бүгін әлгі плитаның бірі сол үйде тұратын оқушының үстіне құлады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Дер кезінде соққыдан жалтарып үлгермесе, керамограниттен жасалған ауыр плита баланың басына түседі екен. Абырой болғанда, оның аяғын ғана жарақаттаған.

Үйдің жобасын құру кезінде 10 қабатты ғимараттың сыртын ауыр плиталармен қаптау ойланбастан қабылданған шешім сыңайлы. Әйтпесе, көзі қырағы, осы салада жүрген білікті мамандар болса, мұндай проблеманың туындауын болжай білер еді.

- Шынына келгенде, 7/4 мекен-жайындағы тұрғын үй соңына дейін аяқталмай берілген. Мердігермен талай соттастық, еш нәтиже болмады. Соның салдарынан бітпеген жұмыстарды өз қаражатымызбен аяқтадық. Оған өз қалтамыздан миллиондап ақша жұмсалды. Жарты жылдай пәтер жалдап тұрғанымыз бір бөлек, үйдің несиесін оны төлеп отырдық. Үйдің шатырына тағы ақша жинап, өзіміз істеттік. Ал ана плиталарды өз күшімізбен ауыстыруға шамамыз келмейді. Мәселе сан рет көтерілді. Әкімдік көмек көрсетуге уәде еткен, - дейді жарақат алған баланың анасы Анель Есенбердина.

Тұрғындардың айтуынша, осы үйдің жағдайы туралы қала әкімшілігінің үлкенді-кішілі шенеуніктерінің барлығы хабардар екен. Билік тізгінін ұстап отырған ағалардың бар ойлап тапқан амалдары - үйдің алдыңғы жағын ала лентамен қоршап беріпті.

Бұл үйлердің тұрғындары «Біреудің басына түскенін күтіп жүр ме?» деп талай рет шағымданды. Бүгін плита адамды жарақаттады. Енді тағы нені күтуге болады?

 

 

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу