Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да үндеу жариялайтын болды
Президент коронавирус жағдайына қатысты келесі аптада кезекті телевизиялық үндеу жариялайтын болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл жөнінде Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті.
«Соңғы кездері Қазақстан Президентінің жұмыс кестесі мейлінше өзгергені жасырын емес. Елімізде Төтенше жағдай енгізілді, осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлының жұмыс кестесі де Төтенше жағдай режиміне көшті. Президентке келетін шұғыл әрі сараптамалық ақпараттардың саны күрт өсті. Ал бұған дер кезінде жауап беріп, шара қолдану керек. Мемлекет басшысы жаңартылған форматта жұмыс істеп жатыр. Бүгінде көптеген жиындар мен кездесулер видео байланыс арқылы өткізілуде. Коронавирусқа қарсы күрес – күн тәртібінде қарастырылатын негізгі мәселе. Қасым-Жомарт Кемелұлы күн сайын Үкіметтің, Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелерінің, өңір басшыларының есептерін тыңдайды. Жақында ғана Президент барлық облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне телефон шалып, шағын және орта бизнесті қолдауға, халықты әлеуметтік қорғауға, көктемгі егіс науқанына және су тасқынына қарсы жұмыстарға байланысты нақты тапсырма берді», - деп жазды Берік Уәли.