Өскеменге тегін экспресс-тесттер әкеледі
Өскеменде COVID-19 инфекциясын анықтайтын тегін экспресс-тесттер осы аптаның соңында пайда болады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қазіргі таңда тестілеудің модульді пункті Нұр-Сұлтан қаласында ашылды. Жақын күндері дәл сондай пункт Өскеменде де ашылмақ. Бұл - Олимп» КДЗ мен "Aitas KZ" АҚ-ның бірлескен жобасы.
- Жоба вирус жұқтырғандарды уақытында анықтап, ем-шараны дер кезінде бастауға мүмкіндік береді, - дейді "Aitas KZ" АҚ-ның бас директоры Серік Толықпаев.
Пункттер ғимараттардан тыс ашық жерде орналасады. Онда дәрігерлер мен тест тапсырушылар өзара байланысқа түспейді. Адамдар алдын ала уақытпен жазылып, кезексіз бір-бірден кіреді. Дәрігер мен пациент микрофон арқылы сөйлеседі, анализ арнайы түтік арқылы алынады. Медицина қызметкерлері барлық қажетті қорғаныс заттарымен қамтамасыз етілген – маска, қолғап, инфекцияға қарсы костюмдер. Сондай-ақ, ол жерде тұрақты түрде дезинфекция жасалып отырады. Пунктте бір сағат ішінде 12 адамға дейін қабылдауға болады.
Тестілеу аурудың белгілеріне қарай ПЦР және ИФА әдістерімен өткізіледі. Ұйымдастырушылардың шешімі бойынша, анализ тегін жасалады.
- Біз пункттерді дайындау мен жабдықтауды қаржыландырдық, сондай-ақ, белгілі шанхайлық компаниядан тесттер сатып алдық. Бұл материалдар 3-4 айға жетеді, - дейді "Aitas KZ" АҚ бас директоры.
Барлығы 50 000 тест сатып алыныпты. Олардың барлығы тексеруден өтеді.
Сонымен қатар, "Aitas KZ" өкпеге жасанды дем беретін 6 аппарат сатып алды, оның 4-еуі Өскемен мен Катон-Қарағай ауданына беріледі.