KZ
Өскемен
-13°
плотный туман Штиль
498.51 522.84 4.81

Өскеменнің шетінде ата-анасы жоқ бес бала тұрып жатыр

13.04.2020, 08:27 193

Өскемен қаласының іргесіндегі саяжайлардың бірінде ата-анасының қамқорлығынан айырылған бес бала тұрып жатыр.

Жақияновтардың үлкені - Жанбота он тоғызда, 17 жастағы інісі Дархан Семейдегі заң колледжінде сырттай оқыса, тағы үш бала Өскемен қаласындағы №1 орта мектептің оқушылары. Біз олармен хабарласып, қазіргі қиын заманда жағдайлары қалай екенін білген едік.

-Бізде бәрі жақсы. «Қаракет» қайырымдылық қоры берген үйдің құжаттарын толық рәсімдеп алдық. Енді карантиннің бітуін күтіп отырмыз,- деп сөзін қуанышты хабардан бастады Жанбота.

Айтысына қарағанда, бауырлары оқитын мектептің басшылығы да бұларды ұмытпай, жәрдемдесіп тұрады екен.

- Сіңілілерім Раушан мен Гүлден, бауырым Серікбол сабақтарын қашықтан оқып жүр. Осы орайда бізге қолдау көрсетіп отырған №1 мектептің ұжымына, директоры Әділ ағай Сайлаубекұлына алғыс айтқым келеді. Бізге ноутбук бөліп, интернеттің ақшасын төлеп берді. Азық-түлікпен де көмектесіп тұрады. Жуықта «Нұр Отан» партиясынан да еріктілер азық-түлік әкеліп тастаған, - дейді Жанбота.

Бұл балалардың анасы былтыр қайтыс болған, әкелері тірі болғанымен, қайда екені белгісіз. Төрт балаға мемлекеттен 100 мың жәрдемақы алады, сонымен күндерін көріп отыр. Жанбота еш жерде оқымайды, бірақ он тоғызға толып қойғандықтан, оған жәрдемақы төленбейді екен. Ал Дархан болса о бастан бауырларына қолқабыс болу үшін сырттай оқып, жұмыс істеймін деп шешкен екен. Алайда жасы бар болғаны 17-де болғандықтан, оның да жұмысқа тұруға реті келмепті.

-Бұл балалардың жағдайымен таныспыз. Демеушілер тауып, азық-түлікпен көмектесіп жатырмыз. Ноутбукпен қамтамасыз етіп, интернетін төлеп бердік. Әлі де назарымызда болады, - дейді Шәкәрім атындағы №1 орта мектептің директоры Әділ Сайлаубекұлы.

Балаларға көмек жасағым келеді дейтіндер болса мынау Жанботаның телефоны:

87071167809

 

 

 

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу